01info.kz- ақпараттық портал

Ташкенттегі триумф: Қазақ мергендері халықаралық турнирде бас жүлдені иеленді

фото: Астан қ. әкімдігі сайты
0 35

Ташкент төрінде өткен дәстүрлі садақ атудан Tashkent International Traditional Archery Competition халықаралық турнирінде Қазақстан мергендері айқын басымдықпен жеңіске жетті. Түркия, Малайзия, Кипр, Өзбекстан және Ресей сынды жеті мемлекеттің кірпік қақпайтын шеберлері қатысқан додада ұлттық құрамамыз жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленіп, жарыстың бас жүлдесін қанжығасына байлады.

Халықаралық сында Астана қаласының спортшылары жекелей есепте жоғары нәтиже көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғады. Атап айтқанда, 50 метрлік «Қалқан» нысанасын көздеуде Ербол Тапенов алтын тұғырдан көрініп, 1-орын иеленді. Осы бағытта Диас Ахметов қола жүлдені қанағат тұтса, мерген қыз Айкөркем Батихан қос бірдей жүлдеге ие болды: ол «Қалқан» нысанасында күміс, ал «Анор» нысанасы бойынша қола медаль иегері атанды.

Тартысты өткен бәсеке қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының мергендігі мен дайындығы ең жоғары деп танылып, еліміз бас жүлдені жеңіп алды. Жалпы есепте екінші орын жарыс иелері Өзбекстанға бұйырса, үздік үштікті Қырғызстан спортшылары түйіндеді. Бұл жеңіс қазақстандық дәстүрлі садақ ату мектебінің халықаралық аренадағы мерейін тағы бір мәрте үстем етті.

Дереккөз: Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.