01info.kz- ақпараттық портал

Сұхбатта айтылған міндеттердің іске асуы – баршамызға ортақ жауапкершілік

0 327

АЛИШЕР САТВАЛДИЕВ,

ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Құрметті ағайын!

«Turkistan» газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты көлемді сұхбаты жарияланды. Бұл сұхбат – елдің алдағы бағытын, Үкімет пен әкімдерге қойылған нақты міндеттерді, қоғамның алдында тұрған өзекті мәселелерді ашық әрі түсінікті тілмен жеткізген маңызды материал.

Халық үшін ең сезімтал тақырып – баға тұрақтылығы

Президент экономика өсіп келе жатқанын айта отырып, халық күнде дүкенге кіргенде сезінетін негізгі мәселе – инфляция, яғни бағаның қымбаттауы екенін нақты атап өтті. Сондықтан бағаны тұрақтандыру, нарықтағы әділ бәсекені күшейту – атқарушы органдардың басты міндеті.

Салық реформасы – жүйені әділ ету үшін

Сұхбатта Салық кодексі туралы да нақты ой айтылды. Мемлекет басшысы мұндағы мақсат – халыққа немесе кәсіпкерге ауыр салмақ салу емес, ең алдымен салық жүйесін әділ, түсінікті, ашық ету екенін жеткізді. Әркім өз мүмкіндігіне сай үлес қосатын, көлеңкелі экономикаға жол бермейтін тәртіп қалыптасуы қажет.

Коммуналдық тарифтер: «көп тұтынған – көбірек төлесін»

Президент коммуналдық тарифтер жөнінде де ашық айтты: бұрын кейде төмен тарифтің пайдасын қарапайым халықтан гөрі ірі тұтынушылар көбірек көріп келген жағдайлар болған. Сондықтан әділ қағида енгізілуі керек:

көп тұтынған – көп төлейді, ал шынымен мұқтаж азаматтарға қолдау атаулы көмек арқылы көрсетілуі тиіс.

Қазақстан – транзиттік әрі логистикалық мүмкіндігі зор ел

Президент еліміздің географиялық артықшылығын тиімді пайдалану керектігін айтты. Яғни, Қазақстан Еуропа мен Азияны жалғайтын көлік-логистика хабына айналуға тиіс. Бұл бағытта теміржол, автожол, порт, әуежай инфрақұрылымын жаңғырту маңызды. Мысал ретінде «Достық – Мойынты» жобасының маңызы атап өтіледі.

Қайтарылған қаражат халыққа қызмет етуі керек

Заңсыз шығарылған активтерді қайтару тақырыбы да назардан тыс қалмады. Қайтарылған қаржы су жүйесі, мектеп, аурухана, инфрақұрылым секілді нақты жобаларға бағытталуы тиіс деген ұстаным айтылды.

2026 жыл – цифрландыру және жасанды интеллект жылы

Президент 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы ретінде өткізу – еліміздің жаңа технологияларға бейімделуін күшейтіп, мемлекеттік қызметтерді жеңілдетуге, ІТ саласын дамытуға бағытталғанын атап өтті.

«Таза Қазақстан» – мәдениет пен тәртіптің өлшемі

«Таза Қазақстан» бастамасы да сұхбатта кеңінен сөз болды. Президент бұл жұмысты тек сенбілік немесе бір реттік акция емес, жауапкершілік, үнемшілдік, тәртіп, мәдениет сияқты құндылықтарды қоғамға орнықтыратын ұлттық бағыт ретінде түсіндірді.

Жалпы сұхбаттың түйіні анық: еліміз реформаларды жалғастырады. Мақсат – әділетке негізделген, тәртіпті, еңбекті бағалайтын, азаматқа қолайлы мемлекет құру, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту.

Сұхбатта айтылған міндеттердің іске асуы – баршамызға ортақ жауапкершілік. Түсіндіру жұмыстары, халықпен ашық диалог және нақты нәтиже – осы кезеңнің басты өлшемі болуы тиіс.

Leave A Reply

Your email address will not be published.