Алматы қаласында колледж студенттері арасында «BilimHack Almaty–2026» қалалық хакатоны өтті. Іс-шараға 72 команда және техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарынан 200-ден астам студент қатысты.
Хакатонның негізгі мақсаты – колледж студенттерінің цифрлық құзыреттерін дамыту, қолданбалы инновацияларды қолдау және заманауи экономика талаптарына сай кәсіби дағдылар қалыптастыру. Жоба Жұмысшы мамандықтар жылы және Цифрландыру мен жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылды.
Қатысушылар пәнаралық командалар құрамында нақты практикалық міндеттерді шешетін технологиялық жобалар әзірледі. Екі күн бойы олар білім беру процесін жетілдіру, кәсіптік бағдар беру сервистерін дамыту, инклюзивті цифрлық платформалар құру және оқу үдерісіне жасанды интеллект енгізу бағытында жобаларын ұсынды.
Іріктеу кезеңінің нәтижесінде финалға 40 команда шықты. Жобалар инновациялық деңгейі, техникалық іске асырылуы, практикалық маңыздылығы және ауқымдау мүмкіндігі бойынша бағаланды. Қатысушылар IT-компания өкілдерімен кәсіби байланыс орнатып, жобаларын әрі қарай дамыту мен тағылымдамадан өту мүмкіндіктерін талқылады.
«BilimHack Almaty–2026» студенттердің инновациялық бастамаларын қолдауға және техникалық білім беру жүйесіндегі цифрлық шешімдерді дамытуға бағытталған маңызды алаңға айналды.
дереккөз: www.gov.kz/edu