01info.kz- ақпараттық портал

Шымкенттік киберпол алаяқтарды нөмірмен қамтыған топты құрықтады

фото: ашық дереккөз
0 54

Шымкентте киберполицейлер интернет-алаяқтардың жұмысын жеңілдетіп, оларды байланыс құралдарымен қамтамасыз етіп отырған қылмыстық арнаны әшкереледі. Polisia.kz таратқан мәліметке сүйенсек, тәртіп сақшылары жүргізген жедел іс-шаралар барысында 3 мыңнан астам SIM-карта тәркіленіп, заңсыз схемаға қатысы бар күдіктілер құрықталды.

Тергеу мәліметтері бойынша, қылмыстық топ екі бағытта жұмыс істеген. Бірінші күдікті қазақстандық байланыс операторларының нөмірлерін жаппай тіркеп, олардың WhatsApp мессенджеріндегі растау кодтарын үшінші тұлғаларға сатып отырған. Осы кодтар арқылы шетелдегі алаяқтар қазақстандық нөмірлерге тіркелген аккаунттарды өз бақылауына алып, отандастарымызды алдау үшін пайдаланған.

Екінші қатысушы — телефон аксессуарлары дүкенінің сатушысы болып шықты. Ол өз қызметін асыра пайдаланып, дүкенге келген клиенттердің жеке деректерін олардың рұқсатынсыз жасырын қолданған. Осылайша, бейкүнә азаматтардың атына қосымша абоненттік нөмірлер рәсімдеп, оларды алаяқтық арналарға өткізіп келген.

Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері азаматтарға заңсыз схемаларға қатысудың арты қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін қатаң ескертеді. Сондай-ақ, киберполиция жеке деректердің қауіпсіздігі үшін мессенджерлерден келетін растау кодтарын ешкімге бермеуге және бейтаныс адамдарға өз атыңызға SIM-карта рәсімдеуге рұқсат етпеуге шақырады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.