Шымкент қаласындағы медициналық мекемелердің бірінде мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген сарбаз қайтыс болды. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі ресми мәлімдеме жасады.
Ресми мәліметке сүйенсек, қатардағы жауынгер әскер қатарына Жамбыл облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінен (Тараз қаласы) шақыртылған. Ол қызметінің алғашқы күндерінен бастап денсаулығына шағымданып, медицина мамандарына бірнеше рет жүгінген. Сарбаздың тиісті есепте тұрғаны және Шымкент қаласының ауруханаларында тексеруден өткені хабарланды.
2026 жылдың 6 қаңтарында әскери қызметшінің жүрегі кенеттен тоқтап қалған. Дәрігерлер шұғыл түрде реанимациялық шараларды жүзеге асырғанымен, сарбаздың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Мамандардың алдын ала қойған диагнозы — «жедел лейкоз».
Аталған факті бойынша Әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғап, тиісті сараптамалар тағайындады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүріп жатыр. Жағдай ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысының жеке бақылауына алынды.
Ұлттық ұлан басшылығы мен жеке құрамы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына орны толмас қайғыға байланысты көңіл айтады.
Дереккөз: Материал KAZ.NUR.KZ ақпараттық порталының мәліметтері негізінде дайындалды.