01info.kz- ақпараттық портал

Өскемен сақшылары алаяқтардың жоспарын күл-талқан етті

фото: m.ok.ru
0 37

Шығыс Қазақстан облысында тәртіп сақшыларының қырағылығы арқасында интернет-алаяқтардың құрығына түсе жаздаған бірнеше азаматтың қаражаты сақталып қалды.

Өскемен қаласында полиция қызметкерлері алаяқтықтың алдын алу мақсатында банкоматтар мен төлем терминалдары маңында тұрақты кезекшілік жүргізуде. Осындай профилактикалық шаралардың нәтижесінде соңғы күндері үш бірдей қылмыстық әрекеттің жолы кесілді.

Алғашқы жағдайда белгісіз тұлғалар өздерін жедел жеткізу компаниясының өкілдері ретінде таныстырып, қала тұрғынын түрлі сылтаумен 3 миллион теңге аударуға көндірмек болған. Алаяқтар психологиялық қысым көрсетіп, қаражатты шұғыл жіберуді талап еткенімен, банкомат жанындағы полицейлер күдікті әрекетті дер кезінде байқап, түсіндіру жұмыстары арқылы ірі соманың қолды болуына жол бермеді.

Дәл осындай жағдай қарт әйелдің де басынан өтті; ол бейтаныс адамның нұсқауымен 35 мың теңгесін белгісіз шотқа аудармақ болған жерінде тәртіп сақшылары тарапынан тоқтатылды.

Ал үшінші оқиғада алаяқтар «тиімді инвестиция» мен «жоғары табыс» уәде етіп, егде жастағы кісінің сеніміне кірген. Арнайы «куратор» тағайындап, оны 3 миллион теңге аударуға итермелеген алаяқтардың жоспары полицияның уақытылы араласуымен күл-талқан болды.

Осы оқиғаларға байланысты құқық қорғау органдары азаматтарды бейтаныс адамдардың телефон арқылы берген нұсқауларын орындамауға, әсіресе «қауіпсіз шот» немесе «кепілдендірілген пайда» туралы сөздерге сенбеуге шақырады. Кез келген күдікті жағдайда дереу «102» арнасына хабарласу қажеттігі тағы бір мәрте ескертілді.

Дереккөз: POLISIA.KZ

Leave A Reply

Your email address will not be published.