ШҚО Достық үйі — қоғамдық келісім орталығында «Рождество — сүйікті мереке» атты іс-шара өтті. Мерекелік шараға этномәдени бірлестіктердің өкілдері, шығармашылық ұжымдар, жастар мен қала тұрғындары қатысты.
Іс-шараның мақсаты — славян этносының рухани және мәдени дәстүрлерін насихаттау, сондай-ақ қоғамда этносаралық келісім мен өзара құрметті нығайту.
Алғашқы сәттен-ақ қонақтар Рождество мерекесінің ерекше әрі сиқырлы атмосферасына бөленді. «Белая сова» қоғамы мен этнографиялық музей ұсынған сәндік-қолданбалы өнер көрмесі көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. Қолдан жасалған бұйымдар ұлттық мұраны көздің қарашығындай сақтап келе жатқан шеберлердің жоғары кәсібилігін көрсетті.
Іс-шара фольклорлық және концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Көрермендер вокалдық орындауларды, халық билерін және рождестволық әндерді тамашалап, мерекенің рухын сезінді. Шығармашылық ұжымдардың өнер көрсетуі өзіндік ерекшелігімен және дәстүрге деген терең құрметімен көзге түсті.
Аталған мереке Қазақстанның көпэтносты мемлекет екенін, елімізде барша этностардың мәдениетіне, сеніміне және салт-дәстүріне зор құрметпен қарайтынын тағы бір мәрте айқындады.