01info.kz- ақпараттық портал

ШАҢЫРАҚ КҮНІНЕ ОРАЙ ТҮРКІСТАНДАҒЫ ДОСТЫҚ ҮЙІНДЕ «АҚ ОРАМАЛ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ

0 253

Шаңырақ күніне орай Түркістан қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Ақ орамал» республикалық акциясы өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отбасылық дәстүрлерді жаңғырту және ананың қоғамдағы мәртебесін ұлықтау.

Салтанатты жиынға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының, «Қоғамдық келісім» КММ өкілдері, ҚХА жанындағы Аналар және Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, қоғам белсенділері, әжелер ансамблі, жас жұбайлар және қала тұрғындары қатысты.

Іс-шараны Түркістан облысы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова жүргізіп, қатысушыларды Шаңырақ күнімен құттықтады.

Ал алғашқы құттықтау сөзді «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева алып, отбасы – қоғамның негізі, ал ана – сол шаңырақтың ұйытқысы екендігінің мән-маңызын атап өтті.

Жиын барысында қазақ халқының тағылымды дәстүрі жаңғыртылып, аналар жас жұбайларға және ақжаулықты әжелерге ақ орамал жапты.

Бұл – аналардың ақ тілегі мен ақ батасының белгісі болды.

Ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптейтін «Шылауыш орау» дәстүрінен сахналық көрініс, аналарға арналған әсерлі әндер, әжелердің «Ақ орамал» дефилесі, сондай-ақ мәдени музыкалық қойылымдар ұсынылды.

Сонымен қатар, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Шора Есмолдаев 61 жыл отасқан жұбайымен бірге отбасы татулығының сырымен бөлісіп, жастарға ақыл-кеңестерін айтты.

Іс-шара соңында батагөй ақсақал жас жұбайларға ақ батасын беріп, қазақы дәстүрге сай ақжарма тілектерін жеткізді.

Шара аясында қатысушыларға «Наурыз-базарлық» сыйлық бокстары таратылып, құрметті қонақтарға гүл шоқтары табысталды.

Осындай тағылымы мол кездесулер арқылы ұрпақ сабақтастығы нығайып, отбасы құндылықтары дәріптеліп келеді.

Ақ орамал – ананың мейірімі мен даналығының, шаңырақтың берекесі мен ұрпақ сабақтастығының символы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.