01info.kz- ақпараттық портал

СЕНАТОР А.САТВАЛДИЕВ САЙРАМДА АШЫЛҒАН ДОСТЫҚ ҮЙІНІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

0 412

ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚХА Журналистер клубының төрағасы Алишер Сатвалдиев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Сайрам ауданында болып, жаңадан ашылған «Достық үйінің» қызметімен танысты.

Кездесу барысында аудандық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, «Ассамблея жастары» РҚБ аудандық өкілдігі, сондай-ақ Д.Қонаев атындағы агротехникалық колледжі, Е.Сарманов атындағы агроэкономикалық колледжі, А.Исмаилов атындағы кәсіптік колледжінің Студенттік Ассамблея мүшелері қатысты.

Сенатор өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбатында айтылған ел дамуының негізгі бағыттарына кеңінен тоқталып, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға жүктелген нақты міндеттерді түсіндірді.

Сонымен қатар, 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы – жаңа технологияларды дамытуға, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға және ІТ саласын ілгерілетуге бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті. Парламентте қабылданып жатқан заңнамалық бастамалар жөнінде де біраз мағлұмат берді.

«Жалпыэтностық тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің қайнар көзі – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында ашылған бұл “Достық үйі” достық пен келісімнің айқын нышанына айналсын. Баршаңызды жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтаймын!», – деді А.Сатвалдиев.

Өз кезегінде Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дауылбайұлы аудан аумағында 39-дан астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқанын, Ассамблея жанында 7 этномәдени бірлестік бірлік пен келісімді нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқанын айтты.

Сондай-ақ, «Достық үйі» азаматтық қоғам институттарын біріктіретін, тың бастамаларға жол ашатын маңызды орталыққа айналатынына сенім білдіріп, жастарға сәттілік тіледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.