Еліміздегі қолайсыз ауа райына байланысты автожолдарда қозғалыс шектеліп, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) шұғыл шаралар қабылдады. Өңірлер арасындағы көлік қатынасын үзбеу үшін қала маңындағы қосымша пойыздар тағайындалды.
Тас жолдардың жабылуына байланысты Көкшетау, Бурабай курорты, Макинка және Ақкөл станцияларынан Астана қаласына дейін жолаушыларды тасымалдау үшін мына электр пойыздары қызмет көрсетеді:
-
№ 6830 «Көкшетау – Астана»;
-
№ 7508 «Көкшетау – Астана».
Қазіргідей боран мен көктайғақ кезінде теміржол көлігі ең сенімді әрі қауіпсіз көлік түрі болып қала береді. «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұлттық тасымалдаушы жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігі үшін барлық жағдайды жасап отыр.
«Біз азаматтарды сапарға шықпас бұрын ауа райы жағдайын мұқият ескеруге және автожолдардағы шектеулер кезінде теміржол қызметін пайдалануға шақырамыз», — делінген компания хабарламасында.
Жолаушылар пойыздардың қозғалыс кестесі мен билеттер туралы ақпаратты теміржол вокзалдарының анықтамалық бюроларынан немесе ресми сайттар мен қосымшалар арқылы біле алады.
Дереккөз: «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі.