Қазақстан халқы Ассамблеясы 30 жыл көлемінде бірліктің жаршысы, ұлтты ұйыстырушы институт ретінде дамып келеді. Бүгінде 4 мыңнан аса Ассамблея құрылымдары 50 мыңнан адамның басын біріктіріп, ел игілігі үшін түрлі жобаларды жүзеге асыруға бастамашы болуда.
Сол құрылымдардың бірі ҚХА журналистер клубы 2009 жылы құрылып, 16 жыл көлемінде медиа өкілдерін ортақ мақсатқа жұмылдыруда.
Құрамында 500-ге жуық мүшесі бар бұл құрылым барлық өңірде құрылып, белсенді жұмыс жасауда.
Ассамблеяның журналистер клубы медиа өкілдеріне өзара тәжірибе алмасуға, білімін жетілдіруге, мемлекеттік саясатты халыққа дұрыс түсіндіруге және ынтымақтастықты арттыруға мүмкіндік береді.
Клуб мүшелеріне арналған түрлі конкурстар, семинарлар, әдістемелік құралдар мен шығармашылықты қолдау шаралары олардың кәсіби біліктілігін арттыра түседі.
Биылдың өзінде Клуб мүшелерінің ұйымдастыруымен республика бойынша 10 мыңнан аса адамды қамтитын 150-ден аса іс-шара ұйымдастырылды.
Мысалы, қыркүйекте Астанада этножурналистика бағытында республикалық медиафорум ұйымдастырылды. Форумға өңірлерден 100-ден аса медиа мамандары қатысып, мол тәжірибе жинады. «ҚХА академиясы» жобасы аясында қатысушылар 3 күндік курс оқып, арнайы сертификаттарға ие болды.
Қазан айында Клуб мүшелері Алматыда бас қосып, медиа контентті жасаудағы жасанды интеллектінің көмегі, оны пайдаланудағы жауапкершілік, ақпаратты тексеру жолдары және басқа да пайдалы ақпараттар туралы біліктіліктерін жетілдіріп, тәжірибелі журналистердің тренингтеріне қатысты.
Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі Клуб мүшелерінің жүргізіп жүрген түрлі жобаларынан айқын көрініс табуда. Мысалы, Астаналық клуб «Тұлға тағдыр», «Бірлік Talks» жобаларын, Шығыс Қазақстан «ЭтноEvent», «ЭтноHistory» айдарларын; Түркістан облысы «Жол-жөнекей» бағдарламасын, Қарағанды облысы «Достық дастарханы» бағдарламасын, Жетісу облысы «Ortaq» подкастын, Жамбыл облысы «Ұлы дала аңыздары» аниме-сериалын, Қызылорда облыстық клубы «Two Stars» фестивалін, Ақтөбе облысы «LEVEL UP» жобасын сәтті жүзеге асырып келеді.
Клубтың тағы бір ерекше атап өтетін жобасы — «Ассамблея айнасы». Бұл жобаның аясында Клуб белсенділері саладағы өзекті тақырыптарда бейнесабақтар түсіріп, этносаралық қатынастарды нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясаттың қыр-сырын барлық саладағы мамандарға түсіндіру жолында еңбектеніп келеді.
«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген атадан қалған керемет сөз бар ғой.
Ынтымағымыз мықты болып, бір-бірімізді қолдай алсақ, тілге, руға, ұлтқа бөлінбестен, елдің дамуына жұмыла еңбек етсек, сонда ғана даму болады. Сондықтан әр азамат осы игілігі мол жұмысқа адал қызмет етуі қажет.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты –
ҚХА Журналистер клубының төрағасы А.Сатвалдиев