2025 жылғы 10 қазанда Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Журналистер клубы мен «Бас редакторлар клубы» арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Құжатқа ҚР Парламенті Сенатының депутаттары — ҚХА Журналистер клубының төрағасы Алишер Сатвалдиев пен «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бибігүл Жексенбай қол қойды.
Меморандум медиасаланың қоғамдағы бірлік, келісім және этносаралық диалог құндылықтарын күшейтуге бағытталған. Тараптар мемлекеттік тілді ілгерілету, журналистердің кәсіби біліктілігін арттыру, сондай-ақ бірлескен мәдени-ағартушылық және ақпараттық жобаларды жүзеге асыру бағытында өзара әріптестік орнатуға уағдаласты.
Жастар мен азаматтық қоғам өкілдерін қоғамдық келісім мен патриотизм идеяларын насихаттауға кеңінен тарту мәселесіне ерекше мән берілді.
Меморандумға қол қою рәсімі Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған ҚХА Журналистер клубының кеңейтілген отырысы аясында өтті. Іс-шараға Журналистер клубының мүшелері, этноБАҚ өкілдері, өңірлік Достық үйлері мен «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі, медиаменеджерлер мен сарапшылар қатысты.
Отырыста журналистиканың қоғамдық келісім мәдениетін қалыптастырудағы рөлі, тәжірибе алмасу және этносаяси терминологияны дұрыс қолдану мен антикризистік коммуникация бойынша тренингтер өтті.