Шортанды ауданында өткен ҚХА аналар форумы мен Жетісай ауданындағы шаралар осы бағыттағы жүйелі жұмыстың айқын дәлелі.
Соңғы жылдары ҚХА Аналар кеңесінің қызметінде басты өзгеріс орын алды: ауыл әйелдері енді тек тыңдаушы емес, қоғамдық шешімдер қабылдау үдерісіне белсенді түрде тартылуда. Шортанды ауданында жаңадан құрылған ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы Р.Азденбаева қысқа уақыт ішінде белсенді, идеялас әйелдерді топтастырып, ауқымды форум ұйымдастырды.
Жиынға республикалық Аналар кеңесі төрағасының орынбасарлары К.Әлпейісова мен Б.Ақтаева қатысты. Шортандыда өткен аналар форумы ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған қайырымдылық акциямен басталды.
Форум барысында ауыл аналарына кәсіп ашуға арналған гранттар, жеңілдетілген несие алу мүмкіндіктері, балаларға арналған жинақ шоттар, жұмысқа орналасу және қайта даярлау бағдарламалары түсіндірілді.
Іс-шараға Шортанды ауданы әкімінің орынбасары Ш.Ахметова мен аудандық мәслихат төрағасы Г.Сәдуақасова, сондай-ақ аудан әкімі аппаратының қызметкерлері қатысып, жергілікті биліктің қоғам тынысына бейжай қарамай, ҚХА Аналар кеңесімен бірлесе жұмыс істеуге мүдделі екенін көрсетті.
ҚХА Аналар кеңесінің қызметі білім жетілдірумен, құқықтық және қаржылық сауаттылықты арттырумен, денсаулыққа күтім жасау мәселелерімен ғана шектелмейді. Кеңес дәстүрлі құндылықтарды дәріптей отырып, жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі және әлеуметтік мәселелерді заң аясында шешуге де қолдау көрсетеді.
Аудандардағы ҚХА Аналар кеңесінің жандана түскенін айқындайтын тағы бір маңызды қадам — күрделі әлеуметтік мәселелерді ашық көтеруі. Түркістан облысының Жетісай ауданында өткен «Берік отбасы — берік қоғам — берік ұлт» атты іс-шара барысында тұрмыстық зорлық-зомбылық, тәуелділік, ерте жүктілік, суицид, көп әйел алу секілді қоғам үшін өзекті тақырыптар ашық талқыланды.
Шараға Республикалық ҚХА Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Б.Ахатай қатысты. Түркістан облысы ҚХА Аналар кеңесі төрағасының орынбасары А.Жақыпованың осы мәселелерді ашық алаңға шығарып, әріптестерімен тәжірибе бөлісуі өңірлер арасындағы байланыстың нығая түскенін көрсетті.
Мұндай шаралар ауыл аналарына моральдық қолдау ғана емес, қоғам тарапынан нақты жанашырлық пен қолдау бар екенін сезіндіреді. ҚХА Аналар кеңесі ауыл аналарымен тікелей байланыс орнатып, оларға әдістемелік бағыт-бағдар беріп келеді. «Мәдениетті ана — мәдениетті ұлт», «Салауатты сана» жобалары ауылдық ортаға бейімделіп, практикалық көмек көрсетудің тиімді тетігіне айналды.