01info.kz- ақпараттық портал

Қазақстандық стартап АҚШ нарығына шықты

фото: ЖИЦДМ
0 1

Қазақстандық IT-индустрия тағы бір маңызды белесті бағындырды. Astana Hub экожүйесінің белсенді қатысушысы — Defect AI стартабы (халықаралық нарықта Rette брендімен танымал) Стэнфорд университетінің әлемге әйгілі StartX акселерациялық бағдарламасына қабылданды. 2026 жылдың көктемгі легіне іріктелген бұл жоба Кремний алқабындағы ең бәсекеге қабілетті стартаптардың біріне айналды.

Дәрігерлерді қағазбастылықтан қалай құтқарады?

Defect AI — медициналық ұйымдардағы құжаттаманы жасанды интеллект көмегімен реттейтін интеллектуалды платформа. Жүйенің басты артықшылығы — ол медициналық жазбаларды Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтары мен клиникалық хаттамаларына сәйкестігін небәрі бірнеше секундта талдап шығады.

Бұл технология құжаттарды қолмен тексеру уақытын 95%-ға дейін қысқартып, дәрігерлерге негізгі міндеті — науқастарды емдеуге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда платформа Қазақстандағы 30-дан астам ірі клиникада сәтті қолданылып, ондаған миллион медициналық жазбаны өңдеп үлгерді.

Жаһандық деңгейдегі кәсіби команда

Жобаның жетістігі — оның мықты мамандардан құралған командасында. Стартаптың негізгі бөлігі Қазақстанда орналасқанымен, оған АҚШ, Жапония, Ұлыбритания және Германиядан келген, бұған дейін Meta, Google және Microsoft сияқты технологиялық алпауыттарда тәжірибе жинақтаған сарапшылар тартылған.

StartX бағдарламасы аясында жобаның жанынан Advisory Board (Кеңесшілер кеңесі) құрылды. Оның құрамына практик дәрігерлер, денсаулық сақтау саласындағы ірі инвесторлар мен тәжірибелі техник мамандар кірді.

Америка нарығына жол және алдағы жоспарлар

2025 жылдың соңында алғашқы инвестициялық раундты сәтті жапқан компания ендігі кезекте АҚШ нарығына бағыт түзеп отыр. Көлемі 5 триллион долларды құрайтын Американың медициналық жүйесіне бейімделу үшін команда платформаға жаңа функциялар енгізуде.

«StartX-қа түсу — бүкіл әлемдегі мыңдаған кәсіпкерлердің арманы. Біз бұл биіктікке төртінші талпыныстан кейін жеттік. Біздің миссиямыз — медициналық көмек көрсету деңгейін арттырып, әкімшілік процестерді барынша жеңілдету», — деп атап өтті компания негізін қалаушы Санжар Мырзағалым.

Бұл жетістікке Astana Hub Ventures, Astana Business Campus және Назарбаев Университетінің Platinum Agreement аясында көрсеткен қолдауы үлкен септігін тигізді. Келесі инвестициялық раунд 2026 жылдың сәуір айына жоспарланып отыр, бұл қазақстандық стартаптың халықаралық аренадағы жаңа даму кезеңіне жол ашпақ.

https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1172375?lang=kk

Leave A Reply

Your email address will not be published.