01info.kz- ақпараттық портал

Қазақстанда Нипах вирусын жұқтыру жағдайлары тіркелген жоқ

фото: istockphoto.com
0 20

Қазақстан Республикасында Нипах вирусын жұқтыру, сондай-ақ аталған инфекцияны ел аумағына әкелу фактілері тіркелген жоқ. Қазіргі уақытта елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты және Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында.

Профилактикалық мақсатта және Үндістандағы Нипах вирусына байланысты эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне орай, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік шекара арқылы өтетін барлық өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылауды күшейтті.

Әсіресе Үндістаннан және Нипах вирусы тіркелген Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен келетін азаматтарға ерекше назар аударылуда. Қолайсыз эпидемиологиялық жағдайдағы елдердің тізімі тұрақты түрде қайта қаралып, жаңартылып отырады.

Медициналық ұйымдар ықтимал қауіпке дайындыққа келтірілді. Шұғыл медициналық көмек көрсету бригадалары мен инфекциялық стационарлардың дайындығы қамтамасыз етіліп, дәрі-дәрмектердің, жеке қорғану құралдарының және дезинфекциялау заттарының жеткілікті қоры қалыптастырылды.

Инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында эндемиялық елдерге сапар шегуді жоспарлаған азаматтарға жеке профилактика шараларын қатаң сақтау ұсынылады. Сонымен қатар, шетелден оралғаннан кейін ауру белгілері пайда болған жағдайда, барған елі туралы міндетті түрде хабарлай отырып, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.

Анықтама

Нипах вирусы — зооноздық инфекция, яғни ол адамға жануарлардан, соның ішінде жарқанаттар мен шошқалардан жұғуы мүмкін. Сондай-ақ инфекция жұқтырған адаммен тығыз қарым-қатынас кезінде және ластанған тағамдар мен сусындар арқылы беріледі.

Ауру жоғары дене қызуымен, бас ауруымен, жалпы әлсіздікпен сипатталады. Ауыр жағдайларда орталық жүйке жүйесінің зақымдануы мен пневмонияның дамуына әкелуі мүмкін. Қазіргі таңда Нипах вирусына қарсы арнайы емдеу тәсілі мен мақұлданған вакцина жоқ, медициналық көмек симптоматикалық түрде көрсетіледі.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.