01info.kz- ақпараттық портал

Қазақстанда буын алмастыру операциялары неге артты?

фото: ДСМ сайты
0 20

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның травматологиялық қызметі қарқынды даму мен қолжетімділіктің жоғары деңгейін көрсетіп отыр. Есепті кезеңде МСАК және травматологиялық пункттер деңгейінде 3 миллионнан астам азаматқа медициналық көмек көрсетілді. Мемлекет тарапынан кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі шеңберінде жыл сайын 130 мыңнан астам шұғыл және жоспарлы операциялардың жасалуы отандық медицинаның әлеуетін айғақтайды.

Саланың негізгі басымдығы ретінде буындарды эндопротездеу бағытын атап өткен жөн. Өткен жылы 20 мыңға жуық операция жасалса, оның 19 мыңын алғашқы (бастапқы) араласулар құрады. Соңғы бес жылда бұл көрсеткіштің 50%-ға өсуі халық үшін жоғары технологиялық ортопедиялық көмектің айтарлықтай жақындағанын білдіреді. Жоғары технологиялық медициналық көмек (ЖТМК) аясында атқарылған жұмыстар да ауқымды: 300-ден астам омыртқа операциясы, 1000-нан астам күрделі ревизиялық эндопротездеу және үлкен буындарға жасалған 4,5 мыңнан астам артроскопиялық араласулар сәтті жүзеге асырылды.

Бұл күрделі медициналық манипуляциялардың барлығы «Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығы» сияқты жетекші мекемелерде, заманауи жабдықтар мен халықаралық клиникалық стандарттарға сәйкес тегін негізде орындалуда. Сонымен қатар, саланың технологиялық трансформациясы аясында омыртқа хирургиясындағы навигациялық жүйелер, роботтандырылған технологиялар, жасушалық терапия және 3D-модельдеу негізіндегі жекеленген импланттар тәжірибеге енгізіле бастады.

Институционалдық дамудың тағы бір маңызды бағыты — өңірлік қызметті күшейту. Жаңа бөлімшелердің ашылуы және республикалық орталықтар мен өңірлер арасындағы қашықтықтан кеңес беру жүйесінің жолға қойылуы (200-ден астам онлайн-консультация мен оқыту) сапалы көмектің пациенттің тұратын жеріне қарамастан қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Осылайша, Қазақстанның травматология және ортопедия саласы жүйелі нығайту мен инновациялық шешімдерді интеграциялау арқылы дамудың жаңа кезеңіне қадам басты.

Дереккөз: ДСМ сайты

Leave A Reply

Your email address will not be published.