Түркияның Кемер қаласында муайтайдан өткен XIV Antalya Open Cup халықаралық турнирі отандық спортшылар үшін айтулы жеңіспен аяқталды. Әлемнің 25 елінен жиналған 500-ден астам былғары қолғап шеберлері бақ сынаған додада Қазақстан құрамасы нағыз мықтылығын танытты.
Біздің тайбоксшыларымыз ел қоржынына 20 алтын, 11 күміс және 7 қола медаль салып, жалпыкомандалық есепте құрметті 2-орынға ие болды. Төрткүл дүние көз тіккен бұл беделді бәсекеде бірінші орынды жарыс иелері — Түркия құрамасы алса, үздік үштікті Мажарстан түйіндеді.
Қазақстандық спортшылардың бұл нәтижесі отандық муайтай мектебінің әлемдік аренадағы биік беделін тағы бір мәрте дәлелдеп берді.
Дереккөз: ҚР спорт комитеті баспасөз қызметі