01info.kz- ақпараттық портал

Қазақ балеті Сингапур сахнасын тәнті етті

фото: ҚР МАМ сайты
0 15

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының балет труппасы Сингапурдағы NUS Университетінің Мәдени орталығы сахнасында өнер көрсетіп, шетелдік көрерменге қазақ балет өнерінің биік деңгейін паш етті. Гастрольдік сапар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Сингапурлық көрерменге ұсынылған концерттік бағдарлама екі бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімде классикалық балет жауһарлары – П. И. Чайковскийдің «Аққу көлі», Л. Минкустың «Дон Кихот» және Х. Лёвенсхольдтың «Сильфида» балеттерінен үзінділер орындалды. Әлемдік классикаға негізделген бұл қойылымдар қазақстандық әртістердің техникалық шеберлігі мен сахналық мәдениетін айқын көрсетті.

Екінші бөлімде көрермен назарына атақты «Кармен-сюита» балеті ұсынылды. Жорж Бизе мен Родион Щедриннің музыкасына жазылған бұл драмалық әрі эмоцияға толы шығарма экспрессиясы мен ішкі драматизмі арқылы залды баурап алды.

Спектакль аяқталған соң сингапурлық көрермендер өз әсерлерін ерекше ықыласпен білдіріп, қазақстандық балет әртістерінің таза техникасын, музыканы терең сезінуін және материалды кәсіби деңгейде жеткізуін жоғары бағалады. Көпшілік қойылымды жетекші әлемдік театрлардың гастрольдік сапарларымен салыстырып, орындау сапасының халықаралық деңгейге толық сай екенін атап өтті.

Абай атындағы театрдың бұл гастрольдік өнер көрсетуі қазақ балет өнерінің әлемдік мәдени кеңістіктегі беделін арттырып, Қазақстанның шығармашылық әлеуетін халықаралық аудиторияға танытқан маңызды мәдени оқиға болды.

Дереккөз: ҚР МАМ баспасөз қызметі 

Leave A Reply

Your email address will not be published.