Қарағандыдағы №2 көпбейінді аурухананың хирург-кардиологтары сирек кездесетін туа біткен жүрек ақауы бар 13 жасар қызға күрделі ота жасап, өмірін сақтап қалды. Балалар кардиохирургиясындағы ең қиын әдістердің бірі саналатын жоғарғы қуыс венасын кеңейту пластикасы аурухана тарихында алғаш рет сәтті қолданылды. Науқасқа өкпе тамырларының аномальды дренажы мен жүрекаралық қалқанша кемістігі диагнозы қойылған. Ұзақ уақыт бойы белгі бермеген дерт спорттық жарыс алдындағы жоспарлы тексеріс кезінде кездейсоқ анықталған.
Уақыт өте келе жасөспірімнің жағдайы нашарлап, тыныс алуы қиындап, жүрегіне салмақ түсе бастаған. Дәрігерлер консилиумы шұғыл хирургиялық араласу қажет деген шешімге келді. Кардиохирург Ғанибек Ақжановтың айтуынша, бұл жоғары технологиялық ота қан ағымының қалыпты жолын қалпына келтіріп, өкпе гипертензиясының алдын алуға мүмкіндік берді. Мұндай күрделі оталар аталған емдеу мекемесінде соңғы 15 жылда небәрі бес рет жасалса, пластикалау әдісімен бірінші рет орындалып отыр.
Ота Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде тегін жүргізілді. Хирургиялық араласудан кейін науқас оңалту кезеңінен өтіп, жүрек жұмысы толық тұрақталды. Қыздың анасы дәрігерлер ұжымына кәсіби шеберліктері мен қызына толыққанды өмір сыйлағаны үшін шексіз ризашылығын білдірді. Қазіргі таңда бойжеткеннің жағдайы жақсы және дәрігерлер оның денсаулығына қатысты оң болжам жасап отыр.
Дереккөз: МӘМС қорының ақпараты