Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында еліміздің су тасқынына дайындық барысы мен қабылданған стратегиялық шаралардың алғашқы нәтижелерін баяндады.
2024 жылғы ірі табиғи апаттан кейін мемлекеттік деңгейде кешенді іс-қимыл жоспары түзіліп, өзен арналарын санациялау, гидротехникалық нысандарды жөндеу және бөгеттерді нығайту жұмыстары жүйелі түрде қолға алынды.
2025 жылы атқарылған бұл ауқымды жұмыстар су тасқынынан келетін залал көлемін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік беріп, қабылданған шаралардың тиімділігін іс жүзінде дәлелдеді.
Министрлік осы жылдың ақпан айында әрбір өзен бойынша нақты су көлемі мен деңгейін болжайтын мәліметтерді жариялауды жоспарлап отыр, бұл қауіп-қатердің алдын алуда шешуші рөл атқармақ. Нұржан Нұржігітов су тасқыны қаупі туындаған сәтте жергілікті органдармен бірлесіп, елді мекендерді су басудан қорғау үшін барлық ресурстар жұмылдырылатынын қадап айтты.