Өткен түнде Зохран Мамдани Құран кітабын ұстап ант беріп, ресми түрде Нью-Йорк мэрі болды, деп хабарлайды NUR.KZ порталы New York Times басылымына сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, түн ортасынан кейін өткен ант беру рәсімінде Зохран Мамдани қолын исламның қасиетті кітабы – Құранға қойып, Нью-Йорк тарихында мұндай қадамға барған алғашқы мэр атанды.
«Құранның бір данасы Мамданидің атасына тиесілі болса, екіншісі кезінде жазушы әрі тарихшы Артуро Шомбургтің меншігінде болған. Бұл жәдігерді мэрге Нью-Йорк көпшілік кітапханасы ұсынды», — делінген жарияланымда. Келесі ашық рәсімде ол атасы мен әжесінің Құран кітаптарын пайдаланатынын мәлімдеді.
Еске сала кетейік, қараша айының басында 34 жастағы Зохран Мамдани Нью-Йорк мэрінің сайлауында жеңіске жеткен болатын. Ол қала тарихындағы тұңғыш мұсылман мэр.
Бұған дейін Дональд Трамп Зохран Мамданиді «коммунистік есі ауысқан» және «келе жатқан апат» деп атаған еді. Мамданидің өзі қала игілігі үшін президент Трамппен әріптестік орнатуға тырысатынын, бірақ өзіне сес көрсетуге жол бермейтінін айтты.
Кейінірек Би-би-си орыс қызметі Зохран Мамданидің сайлауда неліктен жеңіске жеткенін және оның АҚШ Демократиялық партиясының жаңа көшбасшысына айналу мүмкіндігін сараптаған болатын.