16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай, Алматы қаласында алғаш рет «Nomadic Art: Дала мәдениетінің жаһандық бейнесі» атты халықаралық фестиваль мен ғылыми-практикалық конференция өтті. Бұл ауқымды шара көшпелілердің бай мұрасын заманауи креативті индустриямен ұштастырып, ұлттық өнердің жаңа көкжиегін айқындап берді.
Фестиваль аясында ұйымдастырылған «Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат: музей жәдігерлері мен этнодизайнның тоғысуы» атты конференцияда ғалымдар мен сарапшылар көне жәдігерлерді бүгінгі заман талабына сай жаңғырту мәселелерін талқылады. Жобаның негізгі мақсаты — көшпелілер мәдениетін жаһандық деңгейде насихаттау, этнодизайнды дамыту және халықаралық шығармашылық байланыстарды нығайту болды.
Іс-шара барысында отандық және шетелдік дизайнерлердің қатысуымен өткен этноколлекциялар шеруі көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар, қолөнер шеберлерінің халықаралық көрмесінде қонақтар киіз басу, керамика және зергерлік бұйымдар жасаудың көне әдістерін тамашалады. Арнайы ұйымдастырылған шеберлік сабақтары ұмыт бола бастаған технологияларды қайта жаңғыртуға мүмкіндік берді.
Фестивальдің маңызды бөлігі ретінде Дүниежүзілік қолөнер қалаларының (World Craft Cities) желісіне кіретін Қазақстанның үш қаласы — Тараз, Түркістан және Алматының таныстырылымы өтті. Бұл қалалардың қолөнер орталығы ретіндегі әлеуетіне ерекше назар аударылды.
Шара соңында WCC сарапшыларымен өткен B2B кездесулердің нәтижесінде, Орталық Азия қолөнершілерін халықаралық нарыққа шығару бойынша стратегиялық келісімдерге қол қойылды. Бұл — қазақстандық креативті индустрияның әлемдік аренаға нық қадам басқанының айқын дәлелі.
«Nomadic Art» фестивалі музей мұрасын, ұлттық қолөнерді және сән әлемін бір арнаға тоғыстырып, дала мәдениетінің жаһандық бейнесін жаңа қырынан көрсетті.
Дереккөз: https://t.me/madenietaqparat