Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевты қабылдап, ведомство қызметінің биылғы басым бағыттары жөнінде толық ақпарат алды.
Кездесу барысында Президентке халықты жұмыспен қамту жоспары туралы мәлімет берілді. Министрлік уақытша шаралардан гөрі тұрақты және сапалы жұмыс орындарын ашуға, еңбек ұтқырлығын арттыруға, сондай-ақ білім беру жүйесі мен нарық сұранысы арасындағы байланысты күшейтуге басымдық беруді жоспарлап отыр. Жастар, оның ішінде NEET санатындағы азаматтарды жұмыспен қамтуға ерекше назар аударылады.
Сонымен қатар мемлекет басшысына атаулы әлеуметтік көмек жүйесін одан әрі жетілдіру жоспары таныстырылды. Министрлік цифрлық бағалау құралдары арқылы қолдау шараларын нақты адреске жеткізуді кеңейтуді көздейді. Әлеуметтік көмек алатын әрі еңбекке жарамды азаматтарды міндетті түрде жұмыспен қамту арқылы әлеуметтік келісімшарт тәжірибесін дамыту да жоспарланған.
Зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету және зейнетақы төлемдерінің лайықты деңгейін сақтау мәселелері де талқыланды.
Мүгедектігі бар тұлғаларды әлеуметтік қорғау бағытында министрлік арнаулы әлеуметтік қызметтерді жан басына қарай қаржыландыруды жетілдіру, олардың сапа стандарттарын арттыру, оңалту қызметтері мен техникалық құралдарды қолжетімді ету, сондай-ақ инклюзивті жұмыс орындарын ашу шараларын жоспарлап отыр.
Көші-қон саясаты бойынша министр Көші-қон саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын баяндады. Бұл жоспарға көші-қон үдерісін басқару мен болжау, ішкі миграцияны теңгерімді жүргізу және елдегі еңбек нарығын қорғауға басымдық бере отырып, еңбек көші-қонын реттеу кіреді.
Кездесу қорытындысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықты жұмыспен қамту, азаматтардың табысын арттыру, әлеуметтік қолдаудың нақты мұқтаж жандарға жетуін бақылауды күшейту, зейнетақы жүйесін жетілдіру, теңгерімді көші-қон саясатын жүзеге асыру, әлеуметтік қорғауда инклюзивті тәсілдерді дамыту, сондай-ақ цифрлық шешімдерді қолдану арқылы еңбек қауіпсіздігін нығайту және қауіп-қатерлердің алдын алу жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.