01info.kz- ақпараттық портал

Кентаудан Будапештке дейін: Рысхан Ақмаралдың шеберлік белесі

фото: https://t.me/oqu_agartu
0 52

Түркістан облысы

Түркістан облысындағы Кентау көпсалалы колледжінің студенті Мажарстан астанасы Будапешт қаласында өткен халықаралық байқауда үздіктер қатарынан көрініп, жүлделі ІІІ орынды иеленді. «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандығының 2-курс студенті Рысхан Ақмарал «Кескіндеме және сәндік жұмыстар» құзыреттілігі бойынша бақ сынап, еліміздің абыройын асқақтатты. Халықаралық достық кездесу аясында ұйымдастырылған бұл додаға Мажарстан, Италия, Чехия және Ұлыбритания секілді алпауыт елдердің шеберлері қатысқан болатын. Тартысты өткен жарыс барысында Ақмарал өзінің кәсіби біліктілігі мен жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, теориялық білімін тәжірибемен шебер ұштастыра білді. Сарапшылар оның тапсырмаларды сапалы әрі нақты уақытында орындау қабілетін жоғары бағалады.

Айта кетерлігі, бұл Рысхан Ақмаралдың алғашқы жеңісі емес. Ол бұған дейін Түркістан облыстық чемпионатында жеңімпаз атанып, республикалық додаға жолдама алған еді. Сондай-ақ дарынды студент «WorldSkills Kazakhstan 2025» ұлттық чемпионатының алтын медаль иегері және «RegionSkills 2024–2025» жарыстарының жеңімпазы ретінде танымал. Жас маман қазіргі таңда Шанхай қаласында өтетін «WorldSkills Shanghai 2026» әлемдік чемпионатына қызу дайындық жүргізуде. Кентаулық студенттің бұл жетістігі отандық кәсіптік білім беру жүйесінің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.

дереккөз: https://t.me/oqu_agartu

Leave A Reply

Your email address will not be published.