01info.kz- ақпараттық портал

Дубайдағы UAE SWAT Challenge: Қазақстан арнайы жасақтарының жарқын жеңісі

фото: ашық дереккөз
0 22

Қазақстан командалары Дубай қаласында өткен UAE SWAT Challenge халықаралық турнирінде жоғары дайындық пен кәсібиліктің үлгісін көрсетіп, әлемдік деңгейде жарқын жеңіске жетті. 48 мемлекеттен келген 109 арнайы жасақ командасы бақ сынаған беделді жарыста Қазақстанның төрт командасы бірдей үздік ондыққа еніп, ел мерейін үстем етті. Атап айтқанда, Kazakhstan C командасы қарсыластарын шаң қаптырып, 1-орынды иеленсе, Kazakhstan D командасы 2-орынға тұрақтады. Ал Kazakhstan B үздік төрттіктен көрініп, 4-орынды, Kazakhstan A командасы 10-орынды еншіледі. Бұл нәтиже қазақстандық арнайы жасақ бөлімшелерінің тактикалық шеберлігі, физикалық дайындығы және командалық үйлесімінің жоғары деңгейде екенін айқын көрсетті. Сонымен қатар, жарысқа қатысқан Tomiris қыздар командасы да ерекше атап өтуге лайық. Олар жалпы есепте 20-орынды иеленіп, әйелдер командалары арасындағы ең үздік нәтижені көрсетті. Бұл – қазақстандық әйел жауынгерлердің де халықаралық аренада бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейтін маңызды жетістік. UAE SWAT Challenge – әлемдегі ең күрделі әрі беделді арнайы жасақ турнирлерінің бірі. Қазақстан командаларының бұл жарыстағы табысты өнер көрсетуі ел қауіпсіздік құрылымдарының кәсіби деңгейінің жоғары екенін және халықаралық аренадағы беделінің артып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Дереккөз: 24kz_tv

Leave A Reply

Your email address will not be published.