Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын енгізу медициналық көмек көрсетудің сапасы мен жеделдігін жаңа деңгейге көтерді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, заманауи цифрлық шешімдер бүгінде инсульт, онкология және стоматология салаларында нақты нәтижелер беріп отыр.
Инсульт кезінде дер кезінде шешім қабылдау адам өмірін сақтап қалудың басты шарты болып табылады. Қазіргі уақытта еліміздің 9 инсульт орталығында Cerebra автоматтандырылған жүйесі жұмыс істейді. Бұл технология дерт белгілерін ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беріп, тромболитикалық терапияны қолдану көрсеткішін 40%-ға арттырды. 2026 жылға қарай бұл жүйені тағы 33 орталыққа орнату жоспарланып отыр.
Радиологиялық кескіндерді талдау кезінде ЖИ технологияларын қолдану онкологиялық ауруларды анықтауда да айтарлықтай серпіліс әкелді. Мәселен, өкпе және сүт безі обырын бастапқы кезеңде анықтау көрсеткіші 32%-ға өсіп, диагностика жасау уақыты 40 минуттан 10 минутқа дейін қысқарды. Бүгінде бұл бағыттағы жобалар 12 өңірдегі 190 медициналық ұйымда сәтті іске асырылуда.
Цифрлық инновациялар стоматология саласында да белсенді қолданыла бастады. Aidentis технологиясы рентген суреттерін автоматты түрде талдап, патологияларды қатесіз анықтауға жағдай жасады. Соның нәтижесінде бұрын бір сағатқа созылатын кескіндерді талдау процесі қазір небәрі бір минут ішінде орындалады.
Барлық енгізілген цифрлық шешімдер Медициналық деректердің бірыңғай қоймасы базасында біріктірілген. Бұл ақпараттық жүйелердің өзара интеграциясын қамтамасыз етіп қана қоймай, Қазақстанда зияткерлік медицинаны одан әрі дамытуға және денсаулық сақтау саласын басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Дереккөз: ortcom.kz сайты