Қазгидрогеология еліміз аумағындағы барлық бұлақты түгендеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алдын ала мәліметке сәйкес, қазіргі таңда 711 әлеуетті бұлақ анықталған. Сонымен қатар архив және қор материалдары негізінде 2 772 бұлақты қамтитын арнайы карта жасалды. Мамандар бұлақтарды су тапшылығы жағдайында қосымша су көзі ретінде қарастырады.
Бүгінде Қазақстанда ауызсу, техникалық су, суару және басқа да мақсаттарға арналған жерасты суының 4 803 кен орны барланған. Мемлекеттік баланс бойынша тәулігіне 43,2 млн текше метр пайдалану қоры тіркелген. Алайда соның тек 1,5 млн текше метрі немесе 3,6%-ы ғана игеріліп отыр.
Оның ішінде шаруашылық-ауызсуға арналған қор – тәулігіне 21,2 млн текше метр, өндірістік-техникалық мақсатқа – 2,4 млн текше метр, ал суару үшін – 19,6 млн текше метр.
«Қазгидрогеология» басқарма төрағасы Болат Бекниязтың айтуынша, елде жерасты суларына арналған мемлекеттік мониторинг желісі жұмыс істейді. Оған шамамен 4 мың бақылау ұңғымасы кіреді. Қазіргі уақытта деректерді цифрландыру және оларды Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесіне енгізу жұмыстары жалғасып жатыр.
Дереккөз: https://ortcom.kz/