Қазақстан Орталық Азияда алғашқы болып OpenAI компаниясының Edu for Countries жаһандық бастамасына қосылды. Бұл қадам ұлттық білім беру жүйесіне жасанды интеллектінің мамандандырылған нұсқасы — ChatGPT Edu-ды жүйелі түрде енгізуге жол ашады. Бағдарлама аясында еліміздің білім беру ұйымдарына 165 000 тегін лицензия беріледі. Оның ішінде 100 000 лицензия мектеп педагогтеріне, 62 800-і жоғары оқу орындарының оқытушыларына, ал 2 200-і Astana Hub экожүйесінің қатысушыларына үлестірілмек.
Жоба 2025 жылы Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары кезінде жасалған келісімдер негізінде, OpenAI, Freedom Holding Corp. және Bilim Group серіктестігі аясында іске асырылуда. Бастама толығымен жеке қаражат есебінен қаржыландырылып, мемлекеттік бюджетке салмақ салмайды. Еліміздің цифрлық даму және білім саласына жауапты министрлері атап өткендей, жасанды интеллект мұғалімді алмастыру үшін емес, оның кәсіби мүмкіндіктерін кеңейту мен әкімшілік жүктемесін азайту үшін енгізіліп отыр.
ChatGPT Edu педагогтерге үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) оқу материалдарын дайындауға, тест тапсырмаларын әзірлеуге және студенттермен кері байланыс сапасын арттыруға көмектеседі. 2026 жылғы қаңтардан бастап OpenAI мамандарымен бірлесіп оқытушылардың AI-сауаттылығын арттыру бойынша тұрақты курстар ұйымдастырылады. Жоба аясында дербес деректерді қорғау және ақпараттық қауіпсіздік талаптары қатаң сақталып, оқытушылар мен студенттер үшін қауіпсіз цифрлық жұмыс кеңістігі құрылады.