Астанадағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қатысуымен елордалық қариялар қыстың қаһарына қарамастан салауатты өмір салтын серік етіп, спорттық белсенділіктің озық үлгісін көрсетуде.
Қазіргі таңда 40-қа жуық зейнеткер Орталық саябақта тұрақты түрде шаңғы тебумен және қысқы жүзумен айналысып, дене шынықтыруды күнделікті әдетке айналдырған. Спортшы ардагерлердің қатарында 78 жастағы Тоқтамыс Әбиев пен Тұрғанбек Ахметжанов сынды қариялардың болуы — белсенді ұзақ өмір сүрудің нақты дәлелі. Сарыарқа, Байқоңыр және Нұра аудандарының тұрғындары арнайы кесте бойынша білікті нұсқаушылар мен волонтерлердің бақылауымен жаттығу жасап, таза ауада денсаулықтарын нығайтуда.
Соңғы үш жылда қарқын алған бұл бастама егде жастағы азаматтардың әлеуметтік ортадағы белсенділігін арттырып, сапалы әрі мазмұнды қартаю мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізіп отыр.
Дереккөз: Астана қаласы әкімдігі баспасөз қызметі