Қарағанды облысы еліміздегі ең ірі цифрлық трансформация орталығына айналып, жасанды интеллект пен «Smart City» жобаларын өмірдің барлық саласына енгізуді бастады. ҚР Премьер-министрінің орынбасары, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің қатысуымен өткен жиында аймақтағы инновациялық пилоттық жобалар таныстырылып, телекоммуникация, киберқауіпсіздік және IT-хабтардың жұмысы талқыланды, деп хабарлайды 01info.kz Қарағанды облысы әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Президент Жолдауындағы толық цифрландыру міндетін жүзеге асыруда Қарағанды өңірі жаңа технологияларды тәжірибелік тексеруден өткізетін негізгі пилоттық алаңға айналып отыр.
Бүгінде облыста қоғамдық қауіпсіздікті 4 мыңнан астам камера мен 180 аппараттық-бағдарламалық кешен бақыласа, Қарағанды мен Теміртау көшелеріндегі «Аргус-жаяу жүргінші» нейрожелісі жол ережесін бұзуды автоматты тіркеу арқылы апаттар санын нөлге түсірді. Ерекше жаңалық — іздеуде жүрген адамдарды анықтау үшін бет-әлпетті тану функциясы бар қаладағы қарапайым бейнедомофондардың мүмкіндігі пайдаланыла бастады. Бұл әдіс камераларды орнату бұрышы мен адамды тану дәлдігі бойынша өте тиімді әрі үнемді болып шықты. Ақпараттандыру басқармасының басшысы Константин Ильницкий бұл жоба биыл қоғамдық қауіпсіздікті күшейтудің ең жылдам тәсілі ретінде кеңейтілетінін мәлімдеді.
Мемлекеттік қызмет көрсету саласы да түбегейлі өзгеріске ұшырап, ХҚО-лардың философиясы Apple Store принципіне негізделген жаңа модельге көшеді. «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев таныстырған бұл жобада азаматтар оператордың қатысуынсыз, AlemGPT негізіндегі өз-өзіне қызмет көрсету терминалдары мен цифрлық ассистенттер арқылы өмірлік жағдайларын шеше алады. Жаңа цифрлық кеңселерде орнатылатын постоматтар жеке куәлік, жүргізуші куәлігі және басқа да құжаттарды кезексіз алуға мүмкіндік беріп, ХҚО-ларға қайта жүгіну санын едәуір азайтады.
Жиынды қорытындылаған Жаслан Мәдиев елдегі суперкомпьютерлік қуаттар мен деректермен жұмыс істеудің жүйелі тәсілдері цифрландырудан жоғары нәтиже күтуге мүмкіндік беретінін атап өтсе, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл инновациялық шешімдер халықтың өмір сапасын арттыру үшін аймақ көлемінде мұқият іске асырылатынын жеткізді. Қарағандыда сынақтан өткен бұл озық жобалар болашақта бүкіл Қазақстан бойынша ауқымдандырылатын болады.