«Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру шеңберінде Астана қаласының Сарыарқа ауданында жаңа №86 полиция пункті пайдалануға берілді. Заманауи талаптарға сай жабдықталған нысан Ақан сері көшесі, 18 мекенжайында орналасқан.
Жаңа учаскелік пункт іргелес жатқан тұрғын үйлер мен алқаптарды қамти отырып, жалпы саны 32 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсететін болады. Бұл бастама құқық қорғау органдарының халыққа барынша жақын болуын көздейтін «сервистік модель» аясында жүзеге асырылды. Нысанның іске қосылуы құқық қорғау қызметтерінің қолжетімділігін арттырып, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Полиция пункті учаскелік инспекторлардың нәтижелі қызмет атқаруы үшін қажетті техникалық құралдармен толық жабдықталған. Мұнда тұрғындарды қабылдау, кеңес беру және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық тиісті жағдайлар жасалған.
Дереккөз: Астана қ, әкімдігі баспасөз қызметі