Астанада коммуналдық қызметтер қаланы қардан тазарту бойынша күшейтілген тәулік бойғы режимде жұмыс істеп жатыр. 13 қаңтар күні елорда көшелерінде 3 мыңнан астам жұмысшы мен 2 мыңға жуық арнайы техника жұмылдырылып, тек бір түннің ішінде полигондарға 65 мың текше метр қар шығарылды. Қыс басталғалы бері қаладан жалпы көлемі 2,3 миллион текше метрден астам қар тазаланған. Қазіргі уақытта мамандар ең алдымен магистральдық жолдар мен қоғамдық көлік бағыттарын реттеп, көктайғаққа қарсы материалдар себуде. Әкімдік тұрғындарды жолдарда сақ болуға және алыс сапарға шығар алдында ауа райын ескеруге шақырады.
Дереккөз: Астана әкімдігі сайты