Астанадағы Нәзір Төреқұлов атындағы №35 мектеп-лицейінде «Нәзір ғұмыр – тәлім ғұмыр» атты салтанатты жиын ұйымдастырылды. Іс-шара тұңғыш кәсіби қазақ дипломаты, Алаш қозғалысының көрнекті өкілі және КСРО-ның Сауд Арабиясындағы тұңғыш елшісі Нәзір Төреқұловтың мұрасына арналды.
Жиын аясында қайраткердің өмірі мен дипломатиялық қызметіне арналған мектеп музейі ашылып, оқу орны аумағында кеуде мүсінінің тұсаукесері өтті. Сондай-ақ оның тарихи мұрасын талқылауға арналған ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.
ҚР Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Ерлан Жетібаев Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың атынан құттықтау хатын оқып, Нәзір Төреқұловтың қазақ дипломатиясының қалыптасуындағы ерекше рөлін атап өтті.
Іс-шараға мемлекеттік органдар мен дипломатиялық корпус өкілдері, ғалымдар, дипломатиялық қызмет ардагерлері және қайраткердің ұрпақтары қатысты. Қонақтар сондай-ақ «Ұлт рухын көтерген тұлға: Нәзір Төреқұлов» атты көшпелі көрмені тамашалады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жиын жас ұрпаққа отансүйгіштік пен ұлттық мүддені қорғаудың жарқын үлгісін көрсетті.