Елорданың білім беру саласында құқықтық мәдениеттің жаңа белесі басталды. «Заң және тәртіп» қағидатын ту еткен тың бастама аясында Сарайшық ауданының 17 мектебінде заңғар тұлға Өтеген Сейітов атындағы «Болашақ прокурорлар клубы» салтанатты түрде есігін айқара ашты. №73 физика-техникалық лицейінің қабырғасында өткен айтулы шара жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, әділдік жолын таңдаған өрендердің басын қосты. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Салтанатты жиынға қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қайырбаева, Сарайшық ауданы прокурорының орынбасары Бауыржан Асқаров, мемлекет және қоғам қайраткері, Астана қаласының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Әсима Бимендина және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жамаладен Ибрагимов бастаған зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиын барысында №73 физика-техникалық лицейінің директоры Гүлшат Калтаева бұл жобаның мән-маңызына тоқталып, клубтың Бас прокуратураның идеологиялық тұжырымдамасы негізінде құрылғанын жеткізді. Оның айтуынша, 7-11 сынып оқушыларын қамтитын бұл клуб жай ғана үйірме емес, оқушылардың заңға деген құрметін қалыптастыратын және болашақ мамандығын қателеспей таңдауға жол ашатын бірегей мүмкіндік алаңы. Сарайшық аудандық прокуратурасы тарапынан арнайы іріктелген оқушылар ендігі кезекте тек білім алып қана қоймай, тәртіптің үлгісін көрсететін болады.
Шараның ең әсерлі сәті — клуб мүшелерін салтанатты түрде ұлықтау рәсімі болды. Аудан прокурорының орынбасары Бауыржан Асқаров бұл қадамды жас буынның саналы таңдауы деп бағалап, клуб еліміздің әділетті ертеңін құратын азаматтарды тәрбиелеуге қызмет ететініне сенім білдірді. Мамандардың пікірінше, бұл бастама бүгінгі мектеп партасындағы оқушы мен ертеңгі білікті заңгер арасындағы «алтын көпірге» айналмақ.
Келелі кездесу аясында №73 мектеп-лицейі мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті арасында өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылып, мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы байланыс жаңа деңгейге көтерілді.