Елорданың сол жағалауындағы жүктемені азайту мақсатында Нұра ауданында (Хусейн бен Талал көшесі, 14) жаңа балалар травматологиялық пункті ашылды. Ол Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының базасында қызмет көрсетеді.
Бұған дейін қаладағы жалғыз балалар травмпункті оң жағалаудағы №2 көпбейінді ауруханада орналасып, тәулігіне 300-ге жуық баланы қабылдайтын. 2025 жылдың соңында Астанадағы балалар саны 561 мыңға жеткендіктен, Есіл және Нұра аудандары үшін қосымша пункт ашу кезек күттірмейтін мәселеге айналды.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айнұр Төлеуованың айтуынша, жаңа нысан медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, қолданыстағы бөлімшелерге түсетін салмақты жеңілдетеді. Қаланың бас травматологы Алексей Солодтың түсіндіруінше, мұнда стационарлық емдеуді қажет етпейтін жарақаттар (сынықтар, шығулар, буын зақымданулары) бойынша шұғыл көмек көрсетіледі. Пациенттер алғашқы көмектен кейін тұрғылықты жері бойынша емханаларда оңалтудан өтеді.
Жаңа травмпункт заманауи құралдармен жабдықталған және келушілер үшін көлік жолдары ыңғайластырылған.
Дереккөз: Астана қ. әкімдігі баспасөз қызметі