01info.kz- ақпараттық портал

АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІ – ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМНІҢ ТІРЕГІ

Фото: ҚХА баспасөз қызметі
0 36

Биыл құрылғанына 30 жыл толған Қазақстан халқы Ассамблеясы ел дамуының маңызды кезеңдерінде қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтқан бірегей институт ретінде өзін толық дәлелдеді. Осы құрылым аясында жұмыс істейтін Ақсақалдар кеңесі де қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға, ұрпақтар сабақтастығын бекемдеуге бағытталған маңызды қоғамдық тетікке айналды.

Қысқа мерзім ішінде Ақсақалдар кеңесі билік пен халық арасындағы, сондай-ақ аға буын мен жас ұрпақ арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтуда дәнекер бола алды. Бұл – оның қоғамдық маңызы мен беделінің айқын көрсеткіші. Әсіресе, Қарағанды облысында Ақсақалдар кеңесінің ықпалы артып, өңірлік деңгейде елдік мәні бар бастамалар мен жобаларды жүзеге асыруға белсенді атсалысып келеді.

Ақсақалдар кеңесінің жұмысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында және Ұлттық құрылтай отырыстарында көтерілген әлеуметтік мәселелер мен ұлттық басымдықтарға негізделген. Кеңес өз қызметінде ұлттық құндылықтарды сақтау, халықтық дәстүрлерді дәріптеу және қоғамдық ұйымдармен өзара ықпалдастықты күшейтуге басымдық беріп отыр.

Қарағанды облысы – жүзден астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан полиэтносты өңір. Бұл ерекшелік облыстық Ассамблея жанындағы Ақсақалдар кеңесінің қызметіне зор жауапкершілік жүктейді. Бүгінде өңірде Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында 88 Ақсақалдар кеңесі жұмыс істейді. Олардың құрамына қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген беделді ақсақалдар, этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері енген. Жалпы алғанда, облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі кеңестердің құрамында 498 адам бар.

Ақсақалдар кеңесінің қызметі Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық деңгейде бекітілген ережесіне сәйкес жүзеге асырылады және өңірдегі өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған. Қарағанды өңірінде ақсақалдар институты тарихи тұрғыда да жоғары абыройға ие болып, аға буынның ақыл-кеңесіне жүгіну дәстүрі үздіксіз жалғасып келеді.

Жыл басынан бері Ақсақалдар кеңестері 9 500-ден астам адамды қамтыған 300-ге жуық іс-шара өткізді. Соның ішінде 20–21 ақпан күндері Қарағанды қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған Ақсақалдар кеңесінің республикалық слеті ерекше маңызға ие болды. Ауқымды жиында ҚХА-ның «Адал азамат» жобасын іске асыру мәселелері жан-жақты талқыланды.

Слет аясында қатысушылар Саран қаласындағы индустриялық аймақтың жұмысымен танысып, Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейін аралады. Сонымен қатар Абай ауданының Көксу ауылдық округінде орналасқан «Шанс» шаруа қожалығының тәжірибесі ұсынылды.

Сондай-ақ «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Ақсақалдар тағылымы – адал қоғамның кепілі» атты салтанатты іс-шара өтіп, «Адал азамат» жобасының жеңімпаздары марапатталды. Бұл байқау Ақсақалдар кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылып, Ассамблеяның мерейтойы мен «Жұмысшы мамандықтары» жылымен орайластырылды.

Осы слет аясында өткен Ақсақалдар кеңесінің республикалық отырысы мазмұнды ой мен салмақты пайымға құрылған тағылымды жиынға айналды. Оған ҚХА Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, этносаралық саладағы беделді сарапшылар мен қоғам қайраткерлері қатысып, көтерілген өзекті мәселелер мен ілкімді бастамаларға жоғары баға берді.

Қарағанды облыстық Ақсақалдар кеңесі өңірдің өндірістік ерекшелігін ескере отырып, еңбек даулары, өндірістегі қауіпсіздік және экологиялық мәселелерге де бей-жай қарамай келеді. Кеңес облыстық ардагерлер ұйымымен бірлесе отырып, ірі кәсіпорындарда кездесулер өткізіп, ел экономикасының дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамдарының еңбегін дәріптеуге ерекше мән беруде.

Бүгінде Ақсақалдар кеңесі еліміздің барлық өңірлеріндегі әріптестерімен тұрақты байланыс орнатып, тәжірибе алмасуға негізделген ашық жұмыс форматын қалыптастырды. Кеңес науқаншылдық сипаттағы жиындардан гөрі халықпен тікелей пікір алмасуға, әлеуметтік шиеленістердің алдын алуға бағытталған шынайы диалог алаңдарын ұйымдастыруды басты қағидат санайды.

Қорытындылай келе, қоғамдық негізде жұмыс істейтін Ақсақалдар кеңестері өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде, «Адал азамат» жобасын жүзеге асыруда және қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуда маңызды рөл атқарып отыр. Аға буынның өмірлік тәжірибесі мен тағылымы – бүгінгі қоғам үшін ғана емес, ертеңгі болашақ үшін де аса құнды рухани ресурс.

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,

Қарағанды облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.