01info.kz- ақпараттық портал

Алматы облысы: Көктемгі егіс науқанына дайындық – басты назарда

фото: aqmeshit-aptalygy.kz
0 83

Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлының төрағалығымен өткен кеңейтілген жиында алдағы көктемгі егіс науқанына дайындық барысы пысықталды. Ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өкілдері, сондай-ақ аудан-қала әкімдері қатысқан басқосуда өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі мен ресурстық қамтамасыз етілуі талқыланды, деп хабарлайды 01info.kz Алматы облысы әкімдігі  сайтына сілтеме жасап.

Кеңестің күн тәртібінде төрт негізгі мәселе: дала жұмыстарына әзірлік, «Кең Дала» бағдарламасы арқылы қаржыландыру, су үнемдеу технологияларын енгізу және шаруаларды жеңілдікпен берілетін дизель отынымен қамту қаралды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ғалым Қасымұлы Тоқпейісов техника, тұқым және тыңайтқыш мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын жеткізсе, Нұрмади Нұрланұлы Алибаев шаруаларға берілетін жеңілдетілген несиелердің қолжетімділігі туралы баяндады.

Жиынды қорытындылаған Бақытнұр Бақытұлы егіс науқанының аймақ экономикасы үшін стратегиялық маңызын атап өтіп, жұмыстың сапалы әрі уақтылы атқарылуын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Әсіресе, қаржыландырудың ашықтығы мен заманауи су үнемдеу әдістерін енгізуге басымдық берілді. Келесі жиында әр аудан бойынша нақты келісімшарттар мен ресурстардың игерілуі туралы егжей-тегжейлі есеп берілетін болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.