01info.kz- ақпараттық портал

Әлем мойындаған шеберлік: Ақордада «Томирис» пен «Қазақстан» құрамаларына құрмет көрсетілді

.фото: Аkorda.kz
0 39

Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дубайда өткен UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысында топ жарған отандық командаларды салтанатты түрде марапаттады. Мемлекет басшысы әлемнің 48 елінен жиналған 100-ден астам құраманың арасында қазақстандық жауынгерлердің нағыз кәсібилік пен қайсар рух көрсеткенін айрықша атап өтті. Жарыс қорытындысы бойынша «Қазақстан С» командасы турнир тарихында қалатын айтулы нәтиже көрсетіп, абсолютті чемпион атанса, «Қазақстан А» құрамасы екінші орынды иеленді. Сонымен қатар Президент әйелдер арасында үздік шыққан «Томирис» қыздар құрамасының жетістігіне жоғары баға беріп, ел намысын қорғаған бес құраманың да алғашқы жиырмалыққа енуін нағыз отаншылдықтың үлгісі деп атады. Қасым-Жомарт Тоқаев күрделі геосаяси жағдайда ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әскери құрылымдарды заманауи жарақтандыру мен сарбаздардың даярлығын арттыру мемлекеттің басты назарында екенін жеткізді. Осы орайда Мемлекет басшысы алдағы 15 наурызда өтетін жалпыхалықтық референдумның маңыздылығына тоқталып, жаңа Конституция жобасында егемендік, жер тұтастығы және заң мен тәртіп қағидаттары басты құндылықтар ретінде бекітілгенін еске салды. Жиын соңында UAE SWAT Challenge-2026 жеңімпаздары Президент Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен және Президенттің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Дереккөз: Аkorda.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.