ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Alatau Rise жобасы аясында Қазақстанда әлемге әйгілі KAIST университетінің филиалын құру мәселесі бойынша жұмыс кеңесін өткізді.
Кездесуде жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН) әзірлеудің қорытынды сатысы мен білім беру процесін кезең-кезеңімен іске қосу жоспарлары талқыланды. Құжатта болашақ филиалдың академиялық бағдарламалары, ғылыми зертханаларға қажеттіліктері мен инфрақұрылымдық шешімдері жан-жақты айқындалған.
Айта кетейік, 2025 жылдың соңында Корея Республикасында өткен ресми кездесуде KAIST басшылығымен тиісті хаттамаға қол қойылып, жобаның негізгі параметрлері бекітілген болатын. Корей тарапы Алатау жаңа қаласында бой көтеретін кампус пен K-Park тұжырымдамасына жоғары баға беріп, жобаның дайындық сапасын ерекше атап өтті.
Министрлік бұл стратегиялық бастаманы елдің жоғары білім жүйесіне интеграциялауды және халықаралық серіктестікті үйлестіруді жалғастыруда. Талқылау қорытындысы бойынша KAIST басшылығы дайындық жұмыстарын аяқтап, академиялық қызметті бастау мен кампусты жобалаудың негізгі кезеңіне өту туралы шешім қабылдады.
Дереккөз: ҒЖБМ баспасөз қызметі