01info.kz- ақпараттық портал

Аида Балаева Түркі елдерінің бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесті

фото: primeminister.kz
0 26

Астана төрінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 2026 жылы Қазақстанның Одаққа төрағалығы аясында ұйымдастырылған Түркі сауда-өнеркәсіп палаталары одағының 3-ші Бас Ассамблеясына қатысушылармен кездесті, деп хабарлайды 01info.kz primeminister.kz сайтына сілтеме жасап. 

Маңызды жиынға Түркі мемлекеттерінің іскерлік ортасы мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, атап айтқанда Р. Баталов («Атамекен», Қазақстан), М. Кәрімсақов (Сыртқы сауда палатасы, Қазақстан), Б. Әмреев (Түркі инвестициялық қоры), А. Кула (Түркі сауда-өнеркәсіп палаталары одағы), сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстан өкілдері қатысты.

Кездесудің басты мақсаты — түркітілдес елдер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және іскерлік топтардың өзара іс-қимылын нығайту болды. Аида Балаева өз сөзінде Одақтың жалпытүркілік экономикалық мүдделерді ілгерілетудегі маңызды рөлін атап өтіп, бұл құрылым мемлекетаралық келісімдерді нақты бизнес-жобаларға айналдыратын бірегей алаң екеніне тоқталды. Тараптар инвестициялық әріптестікті нығайту мақсатында Түркі инвестициялық қорының жұмысын жандандыру мәселелерін жан-жақты талқылады. Сонымен қатар жиын барысында туризмді дамыту, көлік-логистикалық бағыттарды кеңейту және өнеркәсіптік кооперацияны арттыру бағытындағы өзекті мәселелер көтерілді.

Басқосуда инновациялық шешімдер мен цифрландыру, оның ішінде жасанды интеллектіні экономиканың түрлі салаларына енгізу мәселелеріне айрықша басымдық берілді. Кездесу соңында қатысушылар Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы экономикалық интеграцияны тереңдетуге және серіктес елдермен практикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екендіктерін растады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.