Мемлекет басшысының 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауына орай, елімізде мемлекеттік басқару жүйесін трансформациялайтын бірегей кадрлар даярлау қолға алынды. Осы стратегиялық мақсат аясында бүгін мемлекеттік секторға жасанды интеллектіні (ЖИ) енгізуге қабілетті басшыларды оқытатын «AI Governance 500» бағдарламасы ресми түрде басталды. Президент Әкімшілігі мен Үкіметтің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан бұл жобаны Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бірлесе ұйымдастырып отыр.
Оқудың алғашқы легіне 100-ден астам жоғары лауазымды тұлға, соның ішінде Президент Әкімшілігі мен Үкімет Аппаратының бөлім басшылары, вице-министрлер, облыс әкімдерінің орынбасарлары және квазимемлекеттік сектор жетекшілері қатысуда. Жиынның ашылуында Премьер-Министрдің орынбасары Ж.Мәдиев пен Президент көмекшісі Қ.Есекеев бұл бастаманың мемлекеттік күн тәртібіндегі маңыздылығын атап өтті. Бағдарламаның басты мақсаты — «Digital Qazaqstan» тұжырымдамасына сәйкес, ведомствоаралық цифрлық жобаларды басқара алатын ЖИ-офицерлердің (AI-officers) кадрлық резервін қалыптастыру.
Оқу бағдарламасының құрылымы өте күрделі әрі кешенді: ол ЖИ-дің мемлекеттік архитектурадағы рөлін стратегиялық түсінуден бастап, нақты өңірлер мен ведомстволарда қолдануға дайын цифрлық жобаларды әзірлеуге дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Нәтижесінде, қатысушылар оқу соңында өз салаларында цифрлық трансформацияны жүзеге асыратын дайын AI-бастамаларын ұсынатын болады.